Тұрғын үй қолжетімділігін арттыру мақсатында мемлекет халыққа көмек көрсету тетіктерін үнемі жетілдіріп отырады. Соның бірі — күн санап артып келе жатқан сұраныс жағдайында халықты өз тұрғын үйімен қамтамасыз етуді көздейтін «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы, деп хабарлайды primeminister.kz.

Бағдарламаның негізгі бағыттары:

  • ипотекалық несиелендірудің қолжетімділігін арттыру;
  • тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы несиелік тұрғын үй салу;
  • халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалдамалы тұрғын үй қорын құру;
  • жеке тұрғын үй құрылысын дамыту;
  • жеке құрылыс салушыларды тұрғын үй құрылысына ынталандыру;
  • бұрын қабылданған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру.

Жүзеге асырылған барлық кезең ішінде екінші деңгейлі банктер халықпен 34,5 млрд теңгеге 3336 субсидиялау келісімшартын жасасқан (2017 жылы — 919 келісім, 2018 жылы — 2417 келісім). «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы іске асырылғаннан бері 876,9 мың м² несиелік тұрғын үй немесе 14658 пәтер салынды (2017 жылы — 570,4 мың м² немесе 9010 пәтер, 2018 жылдың 11 айында — 306,5 мың м² немесе 5648 пәтер). Жыл соңына дейін 500 мыңнан астам м² тұрғын үй (9 мыңнан аса пәтер) салынады деп күтілуде.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы 248,1 мың м² жалдамалы тұрғын үй немесе 4592 пәтер салынды (2017 жылы — 146,5 мың м² немесе 2620 пәтер, 2018 жылдың 11 айында — 101,6 мың м² немесе 1972 пәтер). Жыл соңына дейін 185 мың м² (3 мыңнан астам пәтер) салынады деп күтілуде 2018 жылы тұрғын үй құрылысы салынатын аудандарға инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды жүргізуге 42,1 млрд теңге қарастырылған.