Астана әкімі Бақыт Сұлтанов 1 млн теңгелік алғашқы тұрғын үй сертификаттарын табыс етті, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.

​Сертификат «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша тұрғын үй сатып алу кезінде бастапқы жарнаны субсидиялау үшін берілді.

«Сертификат алушылардың тізімі мәслихаттың шешімімен бекітілген әлеуметтік көмек көрсету ережесіне сәйкес жасалды.«2018 жылға арналған сертификаттардың жалпы санын және тұрғын үй сатып алу мұқтаждығын ескере отырып, уәкілетті органдар бойынша квота анықталды: Полиция департаментінен — 10 адам, Білім басқармасынан — 80 адам, Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасынан — 10 адам», — делінген әкімдіктің хабарламасында.

30 қарашадан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне әлеуметтік көмек алушылардың алдын ала тізімі жолданды. Әкімдіктің ақпараты бойынша, сертификатқа бюджеттік саланың 181 қызметкері ие болды, олардың 141-і – білім саласының қызметкері.