Астанада ашылған жаңа «Aq meshit»  қаладағы оныншы мешіт болып отыр, деп хабарлайды ҚМДБ.

«Расында, өмірдің тіршіліксіз, ал тіршіліктің құлшылықсыз құны жоқ. Ислам діні тіршілік пен құлшылықты қатар үйлестіріп, өнегелі өмір салтын сабақтастырып, ғұмыр кешуге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің қасиетті хадис-шарифінде: «Алла Тағала мешітті жақсы көрген пендені жақсы көреді», – деген. Тағы бір хадисте айтылғандай, «мешіт салған адам үшін Алла Тағала жәннатта сарай тұрғызады». Мешіт салу – сауабы үзілмейтін сауапты іс! Осы ретте мешітті салған азаматтарға айрықша алғысымды білдіремін», — деді бас мүфти Серікбай қажы Ораз.

Құрылыстың бірегейлігі мұнаралардың санында. Мешіттерде дәстүр бойынша төрт мұнара болады. Архитекторлардың сызбасы бойынша жаңа мешітте екі мұнара бірақ, үш түрлі стильдегі секциялардан тұрады. «Ақ мешітте» бір мезетте 1200 адам құлшылығын өтей алады. Мешіт жанында салынған медресе 75 адамға арналған. Мешітте ерлер мен әйелдер арналған намаз залы, неке қию бөлмесі, мәжіліс залы, Құран оқуға арналған бөлме, мейрамхана және мәйітхана бар.

Медреседе сабақ өтетін 9 аудитория, оқушылар мен оқытушылардың тұруына арналған 28 бөлме бар. Сонымен қатар, мұнда кітапхана, жаттығу залы, жеке асхана, медициналық пункт, шаштараз және киім жуу бөлмесі бар.