Алматы облысында орналасқан көне тарихи қалалардың бірі – Жаркент. Ол көрші Қытай мемлекетімен шекаралас жатқан мемлекеттік маңызы бар аймақ. Жаркентте көпшілікке белгілі Әулие ағаш, Айғай құм сынды мекендерден бөлек, сәулет өнерінің теңдесі жоқ үлгісі, бірде-бір шегесіз салынған мешіт бар.  

Салынғанына 130 жылдан астам уақыт өтсе де, сәні мен сәулеті келіскен мешіт бүгінде 19-ғасырдың тарихи ескерткіші ретінде мұражайға айналған. Көне ғимараттың басты ерекшелігі – қытай үлгісінде салынуында. Келбетіне сұқтанған қала қонақтарын мешіттің құрылу тарихы да қызықтырары анық. Аспан асты елінің мәдениетінен сыр шертетін сәулет туындысының артында қытай сәулетшісінің қолтаңбасы тұр. Будда ғибадатханасының кей элементтерін пайдалана отырып, қытай сәулет өнерінің үлгісінде мұсылман мешітін тұрғызу Хон Пик есімді шебердің жетекшілігімен жүргізілді.

Жалпы, мешіттің құрылысына байланысты таңғаларлық деректер көп. 1887 жылы мұсылман қауымның кезекті жиынында жаңа мешіт құрылысына қаражат жинау жөнінде шешім қабылданады. Ауқатты бай-көпестер негізгі шығынды өз мойындарына алып, жан-жақтан жүзге жуық тәжірибелі шебер құрылысшыларды жинайды. Осылайша, бас сәулетші Хон Пиктің нұсқаулығымен бойына бірнеше елдің мәдениетін біріктірген мешіт құрылысы бой көтереді.

Мешіт құрылысының өн бойынан шебер шығармашылығының айқын қолтаңбасын көруге болады. Қытайдың сәулет өнерінде ғимараттарды ағаштан тұрғызуға басымдық беретіні белгілі. Мұнда да негізгі материал болып ағаш таңдалды. Жақын өңірлерден әкелінген қарағай мен шырша бөренелерді ұзақ мерзім кептіріп, түрлі ою-өрнектер салып, құрылыс материалдарын алдын ала дайындаған.

Бұл көне ғимараттың жалпақ жұртты таң қалдырған басты ерекшелігі — оның бірде-бір шеге қолданбай салынуында. Яғни сәулетші бөренелерді қиюластыру әдісін пайдаланған. Көзіңді бірден арбайтын қайқы шатырлардың қапталдарынан, сан түрлі бояуы үйлескен қабырғалардан ежелгі араб-парсы жазуларын көруге болады. Ал кіре берістегі алып қақпаның безендірілуі Орта Азияның сәулет өнерінен сыр шертеді. Жалпы, бір гектардан астам жер көлемін алып жатқан нысан құрылымына үлкен және кіші мешіт, медресе, бас қақпа мен қосымша шағын қақпалар, сәнді дуал қоршаулар кіреді.

Кешен құрылысы екі кезеңмен жүргізілді, 1-ші кезең 1892 жылдан 1895 жылдарды қамтиды. Бірінші кезеңде мешіт ғимараты және басты кіру порталы салынды. Екінші кезеңде 1903 жылдан 1905 жылдар аралығында медресе ғимараты, дұға оқитын үй, қақпа-қоршаулар тұрғызылды. Құрылыс жұмыстары Пекиннен шақырылған Қытай маманы, инжинер – Хон Пиктің басшылығымен жүргізілді. Тапсырыс беруші Вали Ахун Юлдашев. Кешеннің ең басты нысанының маңыздысы мешіт ғимараты болып табылады. Мешіт сол уақыттың ең түп нұсқалы әдісімен салынған. Құрылыс кезінде бірде-бір шегелер, бірді-бір тұтқалар (скобы) қолданылмады. Бағандар тастарға отырғызылған, ерекше телім тастармен тегістелген және шеңбер түріне келтірілген. Кешеннің тағы бір негізгі бір бөлшегі болып, мешіт-мұнарасы салынған басты кіру-порталы болып табылады. Оның жазулары  трафаретсіз қылқаламмен жазылған.

Қақпаларын бұқар Зәйнутдин Әмір Темір заманына сәйкестендіріп салған. Кешен қаланың орталық бөлігінде орналасқан. Көлемі 1,12 га жерді алып жатыр.

Кешеннің сәулеттік-жоспар шешімі Шығыс Түркістан мұсылмандарының мәдени құрылысына тән келетін мешіттің түріне жатады. Ансамбль Қытай және Орта Азияның сәулеттік бөлшектеріне сәйкестендіріп жүргізілген. Кешеннің құрамына кіретіндер: мешіт ғимараты, басты кіру-порталы, медресе, дұға оқитын үй, қақпа-қоршаулар. Мешіт ғимараты кешен композициясының негізгі элементі болып табылады. Ауланың ортасында орналасқан /55х29м/ биік емес кірпіш және ағаштар қатарымен қоршалынған. Ғимарат сүйеніштері 68 ағаш бағандардан тұрады. Негізгі құрылымы мен мінездемесі Самарқандағы Шир-Дор медресесін еске түсіреді. Орталық бөлігі арка түрінде 2,4м жуандықта салынған. Арканың артқы қабырғасында мерекелік екіжақты ашылатын есігі бар. Ауланың бет жағында 3 күмбезді көлеммен жоғарылатылған мешіт – мұнарасы көрінеді.

Бағаналарды құрастыруда шеге қолданылмаған, қиып, қашап қиюластырған. Интерьері әсем оймыш, нәзік өрнектермен безендірілген. Мешіт қабырғасы да шебер қиюластырылған бағаналардан құралған, төбесі қаңылтырмен жабылған. Мұндағы ғанышқа түсірілген нақышты араб жазуының өзі әсем өрнек міндетін атқарған. 1910 жылы көптеген шығын әкелген жер сілкінісі кезінде Жаркент пен Верныйдағы мешіт пен шіркеу сол қалпында аман қалды.

Дереккөз: El.kz