Бүгін Алматы қаласында «Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар мен көтергіштерді жеткізу, орнату және пайдалануға қатысты жаңа талаптарды белгілейтін Ұлттық стандарттар қабылданды» деген тақырыпта баспасөз мәжілісі өтті, деп хабарлайды Қазақстан баспасөз клубы.

ҚР Инвестиция және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің 25 желтоқсанда қол қойған жаңа ұлттық стандарттарында сервистік және монтаждық лифтілік компанияларға, сондай-ақ, лифтілік жабдықты жеткізушілерге қатысты нақты талаптар, осы компанияларда жұмыс жасайтын мамандардың біліктілігіне байланысты талаптар нақты белгіленіп отыр.

«Нұсқаулық бойынша лифтілердің жағдайы мен дұрыс істеп тұрғандығын айына бір рет шебер тексеріп, техникалық қызмет көрсетуі тиіс, ал жылына бір рет жабдыққа толықтай техникалық куәландыру жүргізілуі керек. Стандарттар бірінші кезекте лифтіні қолданатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Онда еліміздің аумағында қандай лифтілер жеткізілуі керек, сервистік компанияларда білікті мамандардың қанша саны жұмыс жасауы керек, қандай мерзімде лифтілік жабдыққа тексеру және куәландыру жүргізілуі керектігі, барлық талаптар жазылған», — деп атап өтті өз сөзінде «Қазақстан Лифтшілерінің ұлттық қауымдастығы» ЗТБ президенті Ержан Игібаев.

Қазіргі таңда Қауымдастық «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Қазақстан Машина құрастырушылар одағының мүшесі болып табылады. 2018 жылдың ортасында Қауымдастық лифт саласында өзін-өзі реттейтін ұйым деген мәртебеге ие болып, ҚР Инвестиция және даму министрлігі Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің және «Атамекен» ҰКП-ның өзін-өзі реттейтін ұйымдар тізілімінде тіркелген.