Жаңа ауданның жобасымен облыс әкімі Даниал Ахметов танысты. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеретін елдімекенге алдымен 54 жекеменшік үй салынады. Олардың тағаны түзіліп, енді іргетасы қаланып жатыр.

«54 үйдің 31-і 80 шаршы метрлік баспана болмақ. Қалғандары — 100 және 130 шаршы метр. Келер жылдың ортасына дейін 54 үйдің кілтін табыстауымыз қажет. Оларды халық «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатып алады» — дейді «Восток Строй» компаниясының директоры Әділет Бордатқанов.   

Қызыл кірпіштен қаланып, сырты декоративті кірпішпен өрілетін үйлердің шаршы метрі 120 мың теңге болмақ. Орталықтандырылған жылу жүйесінен алыс болғандықтан, үй иесі өз күшімен жылытуы тиіс.

«№28 тұрғын ауданда әуелі 54 үй салынады. Барлық үй Елбасы тапсырмасына сәйкес, «7-20-25» бағдарламасы  бойынша сатылады. Сол арқылы өзіміздегі ішкі сұранысты толық жабамыз. 2019 жылы осы аумақта 5 мың шаршы метр баспана пайда болады деген сөз. Қаржы жеткілікті, мердігер сенімді. Инфрақұрылым да жуықта дайын болады» — деді облыс әкімі Даниал Ахметов.