Жамбылда бағдарлама бойынша 64 өтінім мақұлданып үлгерсе, Алматы облысында 100 мыңнан аса пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«7-20-25» тұрғын үй ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Алматы облысында 26 алап белгілен. Онда алдағы жылдары жалпы ауданы 4,1 млн шаршы метрді құрайтын 2606 тұрғын үй тұрғызылады. Ол дегеніміз 100,9 мың пәтер. Баспана алуда алғашқы жарна көлемін төмендету үшін облыс бюджетінен жыл сайын 1 млрд теңге бөлінбек.

Ал Жамбыл облысында екінші деңгейдегі банктер «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 550 миллион теңгені құрайтын 64 өтінімді мақұлдап, оның ішінде 34 азаматқа 300 миллион теңге көлемінде несие берген. Тараз қаласында «7-20-25» бағдарламасы бойынша кеңес беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында арнайы орталық ашылған. Онда тұрғындардың баспана мен ипотекалық несие алу шарттарымен тереңдеп танысуына да мүмкіндіктері бар. Бүгінгі күнге дейін «Арай» шағын ауданы аумағынан сатылуға ұсынылған 100 пәтердің бірін таңдап алуға ниет білдірген қатысушылардың саны шамамен 50 пайыздан жоғары көрсеткішті құрап отыр екен.