«7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша алғашқы жеті ипотека берілді. Бұл туралы Алматыдағы брифинг кезінде Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев айтты.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша қарыз беріле бастады

Астана, Алматы, Ақтау, Өскемен және Орал қалаларының тұрғындары осы бағдарлама бойынша қарыз алған. Ұлттық банк пен «Баспана» ипотекалық компаниясының өкілдері бұл бағдарламаны Қазақстанның жеті коммерциялық банкімен жүзеге асырып жатқанын айтты.

«Осы уақытқа дейін «Баспана» Центркредит, Халық банк, Еуразиялық банк, Цесна Банк, АТФ Банк, РБК Банкі және Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен келісімге қол қойылды. Сбербанк пен Форте Банк бағдарламаға қызығушылық танытып отыр, техникалық жұмыстар біткен соң «7-20-25» ипотекалық бағдарламасы бойынша келісімге қол қойылады», — деді «Баспана» компаниясының басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша кез келген жұмыс істейтін қазақстандық несиеге баспана сатып ала алады. Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі – жылына 7%-дан, бастапқы жарна — 20%-дан аспайды, несиені төлеу мерзімі – 25 жылға дейін.

Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 7%, бастапқы жарна – 20%, қарыз мерзімі – 25 жылға дейін болатын талаптармен беруді көздейтін «7-20-25» бағдарламасы іске қосылатыны туралы жыл басында хабарланған болатын.

Бағдарламаға Қазақстанның еңбек және кәсіпкерлік қызметтен алатын табысы бар, сондай-ақ меншік құқығында тұрғын үйі жоқ кез келген азамат қатыса алады.

Бағдарламада Қазақстан Республикасының кез келген өңірінде тұрғын үй сатып алу үшін мынадай құн шегінде ипотекалық тұрғын үй қарызын алу мүмкіндігі қаралады:

25 млн теңге – Астана, Алматы, Ақтау және Атырау қалаларында;

15 млн теңге – басқа өңірлерде.

Бағдарламаны іске асырушы ҚР Ұлттық Банкінің еншілес ұйымы – «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ болып табылады. Бағдарлама шеңберінде қатысушы банктерге қатысты өлшемшарттар айқындалатын болады. Қатысушы банктердің тізбесі олар «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ-пен тиісті шарттар жасасқан соң Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсында жарияланады. Бағдарламаның талаптарына сәйкес қатысушы банктердің қарыз беру және қызмет көрсету үшін қарыз алушылардан комиссия алуға құқығы жоқ.

Қатысушы банктердің қарыздарды беру рәсімдерінің басталғаны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық Банкінің интернет-ресурсында да орналастырылатын болады. «7-20-25» бағдарламасын іске асыра бастаудың күтілетін мерзімі – ағымдағы жылдың екінші жартысы.

«7-20-25» Бағдарламаның талаптарын түсіндіру үшін Қазақстан Ұлттық Банкінің «ҚҰБ «Online» мобильдік қосымшасында 2018 жылғы 19 маусымнан бастап «7-20-25» жаңа бөлімі іске қосылды, онда осы Бағдарламаға қатысты қызығушылық тудыратын сұрақтарға жедел жауап алуға болады.

«ҚҰБ «Online» мобильді қосымшасы AppStore және PlayMarket дүкендерінен қазақ, орыс тілдерінде көшіріп алу мүмкіндігі бар.

Бағдарламамен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми сайтында танысуға болады.

Жер-жерде тұрғын үй бағдарламасы бойынша кеңес сұрап банкте кезекте тұрушылардың саны күрт артып кетті.

Банк менеджерінің қызметін алу үшін ең ұзақ кезекте елорда тұрғындары тұруға мәжбүр. Себебі жалпы кеңес беру мен 7-20-25 бағдарламасы бойынша өтінім қабылдаудан бөлек Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің астаналық филиалдарында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 300-ден астам заем ресімделіп, беріліп жатыр. Бұдан бөлек «Өз үйім» бағдарламасы бойынша да 162 пәтер сатылуда. Сондай-ақ банк қазір әскери қызметшілермен де

белсенді жұмыс жүргізіп отыр. Астанада әскерилердің 3 500-дай арнайы шотына қызмет көрсетіледі.

7-20-25: кім, қалай және қандай бағамен баспаналы бола алады?

«Осындай жағдайдың орын алып, банк клиенттерінің уақытын кезекте тұруға жұмсап жатқандарына өкінішімізді білдіреміз. Бастапқы кезеңде бөлімшелерімізді штаттан тыс кеңесшілермен қосымша күшейттік. Салымшыларымыз банктің қазіргі жұмысының бізге хабарласқан әр клиенттің қажет ақпарат алып, мәселесін барынша жылдам және жайлы шешуге бағытталып жатқанын білуі керек», — деп түсіндіріп өтті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымының орынбасары Жанар Жұбаниязова.

«7-20-25» тұрғын үй бағдарламасы бойынша қарыз беріле бастады

Банкке барудың қажеті жоқ

Ол қазіргі уақытта банктің бөлімшеге бармай-ақ кеңес алуға арналған түрлі құралдар мен әдістердің ұсынып отырғанын атап өтті.

Мысалы, клиенттерде видеобайланыс орнату арқылы қашықтан кеңес алу мүмкіндігі бар. Ол үшін hcsbk.kz сайтына немесе baspana.kz порталына өтіп, оң жақта орналасқан видеобайланыс белгісіне басу керек. Бұл қызметті смартфон арқылы да, кәдімгі компьютер арқылы да алуға болады.

Видео кеңес алу қызметінің көмегімен клиент депозит және несие, жаңа келісім-шарт бекітуге қатысты кеңес алып, шот бойынша көшірме ресімдеп, постдепозиттік операциялар жүргізіп, анықтамалар ала алады. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі менеджері жаңа қызметтің көмегімен кеңес беруден бөлек сайтпен, «ЖССБ 24» интернет-банкингімен және Baspana.kz жылжымайтын мүлік порталымен жұмыс жүргізуге көмектеседі.

Мекемелер өз қызметшілеріне баспана алуға қарыз береді

Қызметті жұмыс күндері 9.00 мен 19.00 аралығында пайдалануға болады. Ал сенбі күндері оператор 9.00-ден 13.00-ге дейін жұмыс істейді.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттерінің 60%-дайы үйде немесе жұмыста отырып-ақ кеңес алып, тіпті депозит ашып жатады. Бұл банк кеңесшілерінің арқасында мүмкін болып отыр. Оларды өзіңе ыңғайлы уақытта және орынға шақыру үшін келесі сілтеме арқылы өтіп, қаланы таңдап, байланысу керек: https://hcsbk.kz/contacts/network-agents/.

Сонымен қатар кеңес алу үшін банктің колл-орталығына 300 нөмірі бойынша қоңырау шалуға, hcsbk.kz сайтында «Кері байланыс» формасын пайдалануға немесе Facebook, Instagram және ВКонтакте әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларға хабарласуға болады», — деп жазылған хабарламада.